26 желтоқсан, қаны – қазақ, заты – түрік, діні – Ислам болған ТҰРАР РЫСҚҰЛҰЛЫНЫҢ туған күні!

Кеңес өкіметінің күшін бағамдай біліп, большевиктер қатарына өткен, сол арқылы бір топ түркі-мұсылман жігіттеріне ұйытқы болып, аштықпен күресте шыңдалып, Түркістандағы биліктің басына шыққан Тұрар Рысқұловтың өмірі тартыс пен күрестен тұрды. Қызыл биліктің құрамында отырып, “Иттихат ве Таракки” астыртын ұйымының Орталық комитетінің мүшесі болған Тұрар Рысқұлов тұтас Түркістан идеясы жолында басын бәйгеге тікті. Өмір мен өлімнің арасында жүріп, Түркістандағы түрік халықтарының жаулары болған армян дашнактарымен, орыс казактарымен, ЧК-дағы баскесерлермен арпалысты. Оларды тұқыртып, түркістандықтардың еңсесін көтерді. Түрік халықтарының коммунистік партиясы мен Түрік Кеңес Республикасын құру үшін Мұсылман бюросын құрып, идеяны жүзеге асыру үшін аяғына дейін күресті. Сол үшін Түркістаннан қуылып, Москвадағы қызметтік қапаста аз уақыт болып, сонан кейін Әзербайжанға жер аударылды. Сонда да сағы сынып, жүні жығылмаған түріктің көкбөрісі қуған сайын жалын күдірейтіп, Шығыстағы революциялық қозғалыс пен социализм теориясы бойынша марксизм-ленинизм теоретиктерімен айтысқа барды. Өз идеясының дұрыстығына сенімді болған қайраткердің соңынан Шығыс елдеріндегі революциялық қозғалыстардың 20-дан астам көсемі еріп, Шығыс халықтарының бірінші съезінде Т.Рысқұлов даярлаған хатқа қол қойып, В.И.Ленинге өз талаптарын жөнелткен еді.
Сондықтан да, Тұрар Рысқұлов – әлемдік деңгейдегі саясаткер, түрік халықтарының азаттығын аңсап, сол жолда басын өлімге тіккен қайраткер!
Түрік халықтарының тарлан тұлғасының жаны жәннәтта болып, нұры пейіште шалқысын!
Түрік бірлігі идеясы қайта күн тәртібіне көтеріліп отырған бүгінгі таңда, ТҮРКІ ТҰТАСТЫҒЫН АҢСАҒАН ТҰРАРДЫҢ ЖОЛЫ Алты түрік мемлекеті мен бірнеше ондаған түркі халықтарын шақырып тұр!
Артқа:
Тұрар және Түркістан үшін күрес
Келесі:
Тұрар және Түркістанды бөлшектеу