III – Сессия ВЦИК

Almas Junisbay

5 тамыз 2018 жыл

Осы сурет маған қатты ұнайды. Алғаш рет оны Вапентина Чеботареваның “Национальная политика Российской Федерации. 1925-1938 гг.” атты кітабында көргем. Кейін бұл суреттің түпнұсқасы да қолға түсті.

1926 ж. 11 қазанда БОАК (Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті) төралқасы БКП (б) фракциясының мәжілісі ХІІ шақырылымдағы БОАК-тың ІІІ сессиясына жетекшілік жүргізу үшін арнайы комиссия құру туралы шешім қабылдайды. Аталған комиссияның құрамына М. Калинин, И. Сталин, В. Молотов, С. Косиор, А. Киселев, А. Рыков, А. Сольц, А. Цюрупа, А. Енукидзе, А. Смирнов, А. Догадов, А. Лежава сынды жоғары лауазымды қызметкерлермен қатар С. Асфендиаров та мүше болып кірді. Сессияны ұйымдастыру ісіне жауаптылардың бірі ретінде С. Асфендиаров “Власть Советов” журналында “Вопросы ІІІ сессии ВЦИК и национальные автономии” атты мақала жариялайды.

1926 ж. 8-9 қарашада өткен ХІІ шақырылымдағы БОАК-тың ІІІ сессиясының өткен кеңейтілген мәжілістерінде Қырғыз облыстық аткомының есепті баяндамасы және С. Асфендиаровтың РКФСР құрамындағы Қырғыз автономиялы облысын құру туралы баяндамалары тыңдалады. Осы баяндамалардың негізінде БОАК-тың ІІІ сессиясы Қырғыз автономиялы республикасының құрылуы туралы БОАК төралқасының 1926 ж. 1 ақпандағы қаулысын бекіту туралы шешім қабылдап, қарарды құрастырып шығу үшін Т. Рысқұловтың төрағалығында 17 адамнан тұратын комиссияны құрады (комиссия мүшелері фотода).

БОАК-тың кезекті сессиясына РКФСР-дың құрамындағы барлық автономиялы республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлердің келуін ұтымды пайдалану мақсатында БОАК төралқасының жанындағы Ұлттар бөлімінің жетекшілері С. Асфендиаров және Р. Сабиров РКФСР-да ұлттық-мемлекеттік құрылысты жүргізудің өзекті мәселелерін талқыға салатын арнайы кеңес өткізу бастамасын көтереді. Бұл ұсыныс РКФСР үкіметі төрағасының орынбасары Т. Рысқұловтың тарапынан қолдау тауып, ол оны ұйымдастыруға бел шеше кіріседі. БОАК-тың сессиясы қызу жүріп жатқан шақта 1926 ж. 12 қарашада РКФСР ұлттық құрылымдар өкілдерінің кеңесі өз жұмысын бастап, тарихта ол «Рысқұлов кеңесі» атауымен қалды.

Бұл кеңеске ұлттық аймақтардан 49 өкіл қатынасып, Қазақстаннан кеңестің жұмысына осы уақытта Мәскеуде қызмет еткен Т. Рысқұлов, С. Асфендиаров, С. Меңдешев (РКФСР Экономикалық Кеңесттің мүшесі), Ә. Досов (Қазақ АКСР-ның БОАК жанындағы өкілетті өкілі), С. Қожанов, Қазақстаннан келген Ж. Мыңбаев, О. Исаев, Ж. Сұлтанбеков, М. Орынбаев, Ш. Тоқжігітов, І. Жансүгіров, Қосымов араласты. Кеңесте орын алған қызу пікірталастар БОАК Ұлттар бөлімінің меңгерушісі С. Асфендиаровтың, Еділ бойы немістер республикасы үкіметінің төрағасы В. Курцтың және Дағыстан АКСР ОАК-тың төрағасы Н. Самурскийдің алға тартқан тезистері төңірегінде өрбіді.

С. Асфендиаров өз тезистерінде барлық ұлттық республикалардың кеңес органдарының қызметін күшейтуге, билік аппаратының барлық деңгейлерінде іс жүргізуді қатар екі тілде – орыс және жергілікті ұлт өкілдерінің тілдерінде енгізуді, автономиялы республикалар мен облыстардың рухани қажеттіліктерін өтейтін ағымдағы қорды құруды, сондай-ақ ұлттық әкімшілік-территориялық бірліктердегі халық шаруашылығына көрсетіліп жатқан көмекті күшейтуді, автономиялы республикаларға бюджет құқығын, жеке және жалпы кешірім жасау құқығын, біріктірілген халық комиссариаттарына бекітілген шекте жетекшілік жүргізу ісін беруді ұсынды. Саяси мазмұнға ие болған ұсыныстардың ішінен С. Асфендиаров біртіндеп автономиялы облыстарды автономиялы республикалар, ал автономиялы республикаларды одақтас республикалар етіп қайта құру идеясын алға тартты. С. Асфендиаровтың пікірінше, ұлттық мәселені қырынан қойған РКП (б) ХІІ съезінен кейін ұлттық саясаттың өзекті мәселелерін шешу кезінде басшылыққа алынатын жаңа директивалардың болмауынан ұлттық саясат жасанды түрде кейінгі қатарға ығыстырылды.

С. Асфендиаров кеңестегі сөйлеген сөзін: «Орталықта ұлттық-мемлекеттік құрылыстың жүзеге асырылуына жауап беретін федералды кеңес органдарының құрылымы РКФСР-дың құрамындағы ұлттар мен этностардың қажеттіліктерін жеткілікті дәрежеде бағала алмай, олардың құқықтарын бұзуда. Біз, БОАК пен ұлттық республикалар арасында осы құрылымдардың құқықтарын шектейтін мүмкіндігінше аз тосқауылдардың болуына ұмтылуымыз керек» – деп қорытқан болатын.

С. Асфендиаровтың сөзінен кейін орын алған жарыссөзде ұлт қайраткерлері бір ауыздан жоғарғы партия және кеңес басшылығының ұлттық-мемлекеттік құрылысты жүзеге асыру саясатына ашықтан-ашық наразылық білдіріп, қатаң сынның астына алынды. Кеңеске қатысушылардың пікірінше, федералды билік органдары автономиялы құрылымдардың сот және қаржы ісінде құқықтарын жоюға ұмтылып, қатаң орталықтандыру саясатын жүргізіп отыр.

Кеңестің қабылдаған қаулысына сәйкес Т. Рысқұлов, Н. Самурский, В. Курц, С. Асфендиаров және И. Наговицин БКП (б) ОК-тың Бас хатшысы И. Сталинмен кездесіп, «жеке кеңестің» құрастырып шыққан ұсыныстармен таныстырулары тиіс еді. И. Сталин 7, 14 және 21 желтоқсан күндері Коммунистік Интернационалдың Атқару Комитетінің пленумына қатысуына байланысты «Рысқұлов кеңесінің» делегациясын тек 29 желтоқсанда ғана қабылдаған. Бұл күні Т. Рысқұлов, С. Асфендиаров, Ә. Досов және И. Наговицын И. Сталинмен тікелей кездесіп, оны «жеке кеңесте» қабылданған қарарлармен және ұсыныстармен таныстырды.

«Жеке кеңесте» большевиктердің жүргізіп отырған ұлт саясатының ашықтан-ашық сынға алынуы Кремль басшыларының тарапынан үлкен наразылық пен серпіліс тудырды. Партия жетекшілігі кеңеске қатынасқан ұлт қайраткерлерін жер-жерде қуғындай отырып, кеңес қабылдаған қаулыларды әшкереледі. Қазақстанның атынан «жеке кеңеске» қатынасқан ұлт қайраткерлері Ф. Голощекинмен 1926 ж. 18 желтоқсанда өткен Қазөлкекомның, Өлкелік Бақылау комиссиясының, Қазатком фракциясының және қазақ активінің біріккен мәжілісіне шақырылып, кеңесте айтылған келелі ұсыныстардың беделін түсіру үшін барынша күш салды. Қазөлкеком бюросы мәжілісінің қорытындысы бойынша 6 бабтан тұратын қаулы қабылданып, онда «жеке кеңесте» алға тартылған С. Асфендиаровтың тезистері және Ж. Мыңбаев пен С. Қожановтың ортаға салған пікірлері Қазөлкекомның және Қазақ АКСР үкіметінің позициясына толықтай қайшы келетіндігі, кеңес қабылдаған қаулылардан бас тартатындықтары және большевиктердің ұлттық саясатын толықтай қолдайтындықтары туралы айтылды .

Партия жетекшілігі «жеке кеңестен» кейін оның жұмысына белсене араласқан С. Асфендиаровты да «сенімсіз» қызметкерлердің қатарына қосып, оған қысым көрсетті. Соған қарамастан С. Асфендиаров БОАК төралқасының мүшесі, БОАК хатшысының орынбасары және Ұлттар бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде 1927 ж. сәуірде өткен ХІІІ Бүкілресейлік кеңестердің съезіне дейін жұмысын жалғастырды.

1925-1927 жылдардағы Санжар Асфендиаровтың Мәскеуде атқарған саяси және мемлекеттік қызметі туралы көбірек білгісі келетіндер мына мақаладан оқи алады

Артқа:
Рысқұлов тоталитаризмдегі сана метаформозасында
Келесі:
26 желтоқсан – мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туған күні.