Біз туралы
Біз бүгін жоғы түгенделмеген түрік жұртының үкілі арманы болған тұтас әрі тәуелсіз Түркістан үшін жанын пида еткен Тұрар Рысқұлов пен басқа да түрікшіл тұлғалардың күрес жолын жас ұрпаққа паш етуді мақсұт тұтып, атауын «Тұрар-Түркістан» деп, есім-сойы ТҮРКІСТАН ұғымының баламасы іспеттес болған ТҰРАР атамыз бен жағырапиялық кеңістікті қосақтай отырып, танымдық маңызы зор сайт аштық.
«Тұрар-Түркістан» жобасының мақсаты – Түркістандағы түрік халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ірі ғалым, публицист, тарихшы, дипломат, түрік халықтарының бірлігі мен тұтас Түркістан идеясы үшін күрес жүргізген біртуар тұлға, Түркістан халықтарының саяси құқықтары мен бостандығы, олардың сырттан ауып келген еуропалықтармен теңдігі және Шығыстағы революция мәселелері туралы келелі ой-пікір білдірген теоретик әрі ойшыл, Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі ретінде дипломатиялық әрі эмиссарлық қызмет атқарып, Моңғолияның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуына ерен еңбек сіңірген елші Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі туралы объективті ақпарат тарату, идеясы мен мұрасын насихаттау, зерттеушілер мен қызығушылық танытқан барша адамға сенімді дереккөз ұсыну.
Жобаның міндеттері:
– Тұрар Рысқұловтың архив құжаттары негізінде қалпына келтірілген өмірбаянымен таныстыру;
– Тұрар Рысқұловтың бұрыннан белгілі және жаңа табылған фотосуреттеріне толық ғылыми түсініктеме бере отырып жариялау;
– оның отбасы мен ұрпақтарына қатысты дұрыс ақпарат беру;
– Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Моңғолия, Қытай және т.б. елдердің архивтерінен табылған Тұрар Рысқұловқа қатысты құжаттарды археографиялық өңдеуден өткізе отырып жариялау;
– Тұрар Рысқұловтың ғылыми және публицистикалық еңбектерін жариялау, мұрасын сақтау және ұрпаққа жеткізу;
– Тұрар Рысқұловқа қатысты ғылыми зерттеулер мен мақалаларды қолдау; іс-шаралар мен конференциялар ұйымдастыру арқылы Тұрар Рысқұловтың тұлғасын ұлықтау және жас ұрпаққа отаншылдық тәрбие беру;
– тарихи және бүгінгі түркі әлемі туралы тарихи-танымдық және ғылыми еңбектерді жариялау;
– тұтас Түркістан идеясы үшін күрескен И. Гаспыралы, А. Топшыбашоғлы, Ж. Ақшора, М. Шоқай, М. Тынышбаев, А. Уәлиди, А. Ысқақи, Т. Рысқұлов, М. Сұлтанғалиев және т.б. қайраткерлер туралы ақпарат тарату;
– Түркістан деп аталған жағырапиялық аумақты мекендеген түрік тектес ұлттар мен халықтар туралы этнографиялық зерттеу материалдарын жариялау;
– Түркістанға қатысты альбомдарды, фотосуреттер мен жағырапиялық карталарды, кітаптарды жариялау;
– Тұрар Рысқұлов пен Түркістанға, түрікшіл тұлғаларға қатысты видеоматериалдарды жариялау және т.б.
Cайттың алға қойған мақсаты мен міндетін орындауға атсалысатын барлық зерттеушілер мен қалың оқырман қауымға «Алла жар болсын!» айтамыз.